Сапалы білім – жаңғыру негізі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы ғылыми қауымдастық арасында аса үлкен серпіліс, саналық қозғалыс берді. Осыған байланысты Махметғали Сарыбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, өз ойларын ортаға салды.

DSC_8635
Білім және ғылым қызметкерлері, облысымыздың педагогикалық қауымдастығы әр жылы Елбасымыздың Жолдауы жарияланғанда, ең алдымен біздің салаға байланысты не айтылады екен, Президент қандай жаңа стратегиялық бағыттарды айқындайды деп асыға күтеді.
Ал, биылғы жылы біздің үмітіміз толық орындалып, Елбасы адами капитал сапасын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып, жетінші стратегиялық міндетті арнады.
Қазіргі таңда адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесі адами капиталға салынған инвестицияның болашақта мол табыс әкелетіндігін дәлелдеп отыр.
Әлемдік банк көрсеткіштерінен әлем мемлекеттерінің ұлттық байлығында адам капиталының алатын үлесі жоғары екендігін көруге болады. Мысалы, әлемнің 192 мемлекетінің ұлттық байлығындағы жеке капиталдың үлесі – 16 пайызды, табиғи ресурстар – 20 пайызды, ал адами капитал – 64 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-тың ұлттық байлығында 76 пайызға тең.
2017 жылғы мәлімет бойынша 186 мемлекет ішінде адам дамуының индексі жөнінен Қазақстан 56-шы орынды иеленді.
Адами капиталдың сапасы білім берудың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қажеттігі туындап отыр.
Әлем соңғы онжылдықта цифрлық технологияға негізделген жаңа типтегі экономикаға көшуде. Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар мен цифрлық трансформация бәсекеге қабілеттілік пен технологиялық өзгерістің негізгі факторы болып табылады.
Білім беру саласындағы қызметкерлер арасындағы байланысты оңтайландыру үшін принципті жаңа ақпараттық-білім беру алаңын құруда «Цифрлық университет» тұжырымдамасына көшу – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бастамасы болып табылады.
«Цифрлық университет» жобасының алғашқы қадамы – кеше ғана студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Жалпы оқу барысында студенттерге 15 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Енді біздің студенттеріміз электрондық форматта «бір терезеден» өздеріне қажетті құжаттарды алатын болады.
Университеттің кешендік цифрлеу қызметі стратегиялық міндеттердің бірі болып белгіленген. Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы студенттер үшін сапалы білім алу мүмкіндігін жоғарылату, сұраныстарын қанағаттандыру деңгейін арттыру және жемқорлық қаупін төмендетуге қол жеткізу көзделуде.
Шетелдік жоғары оқу орындарын, трансұлттық корпорацияларды тарту арқылы цифрлық экономика үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларының мазмұны өзгертіліп, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленуге мүмкіндік берілді.
Қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Португалия мемлекетінің Браганса политехникалық институтымен «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бірлескен білім беру магистрлік бағдарламасын әзірлеуді табысты аяқтады. Бағдарлама жаңаша жоғары технологиялық жабдықтау базасында және жаппай цифрлау форматы кезеңіндегі білім алушыларды дайындаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қазіргі таңда Браганса политехникалық институтымен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша аймақ пен республика үшін өзекті бағыт болып табылатын «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша магистранттар білім алуда.
Тараз мемлекеттік университетінде 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат бағдарламасы бойынша пилоттық режимде «Мехатроника» мамандығы ашылып, бірінші курсқа алғашқы студенттер қабылданды. Елбасы айтқандай, уақыт барысымен көптеген мамандықтар еңбек рыногында сұранысқа ие болмай қалады. Заман талабына сәйкес жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Қазақстанда жоқ сондай мамандықтардың бірі – «Мехатроника». Мехатроника – электротехника, механика, компьютерлік және ақпараттық технологияларды біріктіретін инженерияның жаңа саласы. «Мехатроника» АҚШ-та, Еуропа мемлекеттерінде аса дамыған мамандық. ЮНЕСКО мәліметі бойынша «мехатроника» еңбек рыногында сұранысқа ие болған бірінші 10 мамандықтың қатарына кіреді. Осы мамандық бойынша студенттер алғашқы екі жылды біздің университетте, ал соңғы екі жылды Польша Республикасындағы Люблин политехникалық университетінде жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын алатын болады. Республикамызда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы еңгізіліп жатқан кезде «мехатроника» ең қажетті мамандықтардың біріне айналады.
Университет алдыңғы қатарлы шетелдік университеттер және халықаралық қорлармен бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асыруда.
Қазіргі уақытта университет Швеция, Финляндия, Италия, Испания, Польша, Франция университеттерімен Erasmus+ Еуроодақтық бағдарламаларының жобасына қатысып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін, сондай-ақ студенттер, магистранттар және қызметкерлердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуды жүзеге асыруда.
Университет үш жыл ішінде Түркиядағы Кастамону университетімен бірге Түркі әлемі туризмінің халықаралық симпозиумының бірлескен ұйымдастырушысы болып табылады. 2019 жылы ТарМУ-да Түркі әлемі туризмінің V халықаралық симпозиумын өткізу жоспарлануда.
Тағы да айта кететін өзекті мәселе – үш тілде білім беру. Кезінде Елбасы ұсынған бұл бағдарлама бүгін барлық жоғары оқу орындарында нәтижелі енгізілген. Біздің университетімізде 15 мамандық бойынша студенттер көптілді академиялық топтарында білім алады. Мысалы, бала қазақ тобында оқыса, пәндерінің 50 % – ана тілінде, 30 % – ағылшын тілінде, 20 % – орыс тілінде беріледі. Осы бағдарламаның жетістігі «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде айқын көрініп, шет тілдерін жетік меңгерген студент – жастарымыз волонтерлық қызметті абыроймен атқарды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және «Туған жер» бағдарламасы аясында университетте «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» атты жобалық офисі ашылды. Бүгінгі таңда 9 жоба дайындалып, облыстық Жобалық офисіне ұсынылды.
Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында алғашқы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Мысалы, «Әулие ата – киелі мекен» атты тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция барысында киелі орындардың географиялық орны, аудандардың этникалық құрамы анықталып, тарихи деректер мен аңыз-әңгімелер жиналды. Экспедиция материалдары негізінде «Жамбыл облысы этностарының» интерактивті-тарихи картасы жасалды, Жамбыл облысы киелі жерлерінің жаңа туристік маршруттары әзірленді, Жамбыл облысы киелі жерлерінің географиясы мен картасы жасалды.
2017 жылдың 26 қазанында Елбасының №569 Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін университеттің профессор-оқытушы құрамы мен қызметкерлеріне, студенттерге үйрету, жаңа орфография мен ережелерін меңгерту, тиімді инновациялық тәсілдермен, заманауи оқу-әдістемелік құралдардың көмегімен сауатты жазу мен оқуға баулу мақсатында «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік» кабинеті ашылып, міндеттері белгіленді. Осы жұмыста тілдің тазалығына, яғни қазақ тілінің латын графикасына негізделген орфографиялық ережелерін жетілдіруге, халықты латын әліпбиіне психологиялық тұрғыдан бейімделуіне арналған іс-шаралар жүргіземіз. Келешекте бұл кабинет біздің аймақта негізгі үйлестіруші орталыққа айналатын болады.
Қорыта айтсақ, жоғары оқу орындарында іске асырылып жатқан инновациялық білім беру бағдарламалары, ең алдымен, жастардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Жамбыл обысының ғалымдары, профессор–оқытушылары, студент-жастары Елбасының Жолдауында қойылған міндеттерді тек қана ауызбен қолдау емес, нақты іске асыруда өз үлестерін қосады деп ойлаймыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *