«Тәуелсіздік – тәңір берген тәтті сый»

16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.  Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 27 жыл. Жиырма жеті жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды.


Елбасының көрегендігі мен жүргізіп жатқан саясатының арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Қазақстан «EXPO – 2017» көрмесін өткізу құрметіне ие болды.  Бұның өзі Отанымыздың халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының одан әрі арта түсуіне әсерін тигізді.
Әрбір елдің болашағы өз Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден бастау алады. Еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырған И.Қ.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектепте де өскелең ұрпақтың патриоттық рухын күшейту мақсатында мектеп директоры Алмасбаева Қаламқас Қалиқызының бастамысымен  Тәуелсіздік күні жоғарғы деңгейде атап өтілді. Кеш барысында сонымен қатар Алатау ауданының 10 жылдығы да тілге тиек етілді.  Салтанатты кеш ҚР Мемлекеттік Әнұранынан бастау алып, оқушылардың әндерімен, оқыған өлеңдерімен, орындаған билерімен жалғасын тапты. Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін бір арнаға тоғыстырған концерттік бағдарлама мереке мәнін аша түсті. Оған оқушылардың тыңғылықты дайындалған әндері мен билері, арнайы ұйымдастырылған видео-роликтері, үжымдаса орындаған флешмобтары дәлел болмақ. Әсіресе, мектеп ұландарының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 27 жылдығына  арнайы түсірілген видео құттықтау лебіздері мен 7 «Б» сынып оқушыларынан және ұстаздардың орындауындағы хор кешке жиылған қауымның көңілінен шықты. Туған жерге, Отанға деген ыстық ықыласын білдірген музыка пәнінің мұғалімі Аукенова Қарлығаш апай, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ағабеков Қанат ағай, 7 «Ә» сынып оқушысы Абсамат Сырым көпшілікке  әндерін тарту етті. Мектеп бишілері тек қазақтың ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің билерін де нақышына келтіріп орындады. Кеш барысында орындалған  патриоттық  ән-билер, әдеби монтаж, флешмоб, видео-құттықтаулар барлығы дерлік  көрермендерге рух беріп,  тамаша бір сезімге бөледі.

Іс-шараның құрметті қонақтары Алматы қаласының Білім басқармасы адамгершілік-рухани тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Тау Нұргүл Тауовна, Алатау ауданы әкімінің орынбасары Алмас мырза, Алатау аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, патриоттық бөлімінің басшысы Аширбеков Сағымбек ақсақал, Алатау ауданы Білім бөлімінің бас маманы Байтасов Азамат Тәттібекұлы, «Мақсат Мед» медициналық орталығының басшысы Мақсат Әбдіқадырұлы, «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан Алматы ақшамының бөлім басшысы Нұрлан Сүйін мемлекеттің басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, мемлекетіміз бен халқымыз үшін ең басты әрі құнды мереке екенін, 27 жыл татулық, саяси тұрақтылық пен экономикалық дамудың алғы шарты тәуелсіз мемлекеттің әрі қарай гүлденуіне, қарыштап  дамуына әкелгенін атап өтті. Сонымен қатар, Алатау дәстүрлі өнер театрынан келген қонағымыз әннен шашу шашып, кештің жандануына үлес қосып кетті.Келген қонақтар оқушылардың әрбір оқыған өлеңінен, шырқаған әнінен Отанға деген махаббатына куә болды. Бұл іс-шара мектеп әкімшілігінің, ауызбіршілігі жарасқан үлкен ұжымның үлкен еңбегі екенін айтып кетпеуге болмас. №154 мектеп ұжымы жасай берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік, егемендігіміз еңселі болсын!

Тарих пәнінің мұғалімі

Базарбаева  Жазира  Дилмуратовна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *