ЖЕЛІЛІК ЖОБАНЫҢ ЖЕМІСІ

Ағымдағы оқу жылының алғашқы жартыжылдығы аяқталар тұста мектебімізде өнерге толы шығармашылық кеш өтті.

Кеш барысында мектептің 7 сынып оқушылары «100 ән», «100 күй», «100 кітап» жобалары аясында үйренген өнерлерін ортаға салып, ұстаздары мен ата-аналарын қуанышқа бөледі. Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектептеріне ғана тән аталмыш жобалар қолға алынғалы дарынды оқушыларымыздың тағы бір қырлары ашылып, білім мен өнерді қатар алып жүре алатындықтарын дәлелдеп келеді.

– Бұл жобалардың әрқайсысының да тәрбиелік мәні өте зор. Біз мектебімізге қабылданған 7 сынып оқушыларының барлығына бірдей осы жобаларға қатысуды міндеттейміз. Өйткені, аталмыш жобалар арқылы олар қазақтың қара домбырасы, оның күйі, әні жайлы қажетті ақпараттарды алады. Ал «100 кітап» жобасының аясында қазақ, әлем әдебиетінің көрнекті тұлғаларының туындыларын оқып, танысады. Оқушыны оқыта отырып, түрлі саладағы өнерге баулу – біздің мектебіміздің негізгі ұстанымдарының бірі. Бүгінгі шара арқылы шәкірттеріміздің қабілетін байқауға бел будық, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Абылқасымова.

Есепті концерт Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хорда орындаумен басталды. Дауыс иірімдері бір арнаға тоғысқан 7 сынып оқушылары одан әрі «Отаным» әнін шырқап, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктерін паш етті. Әннен хабары бар шәкірттеріміздің тағы бір өнерін күй тартқанда көрдік. 100 оқушыдан құралған домбырашылар оркестрі Абайдың «Тор жорғасын» нақышына келтіре орындап, тыңдарманды таң қалдырды. Өйткені, айналасы 3 айдың ішінде композициясы қиын күйді меңгеріп шығу оңай шаруа емес.

Театрландырылған көрініс арқылы «100 кітап» жобасы аясында оқыған шығармаларынан сахналық үзінділер қойған оқушылар әртістік қабілеттерінің де бар екенін дәлелдеді. Мәселен, 7 «А» сыныбының оқушылары «Ромео мен Джульетта», 7 «В» сыныбы «Менің атым Қожа», 7 «С» сыныбы «Белый бим черное ухо», 7 «Д» сыныбы «Волшебник Изумрудного города» қойылымдарын шеберлікпен көрермен назарына ұсынды.

– Осыдан біраз уақыт бұрын қызымыз осы мектепке түскеніне бір қуансақ, бүгін баламыздың болашағына таңдауды дұрыс жасағанымызға тағы бір мәрте қуанып отырмыз. Мектеп оқушыларына арналған бұл жобалардың өміршең әрі пайдалы екендігіне шүбә жоқ. Ұлттық өнерімізді насихаттап, өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерді сіңіруде де өзіндік орны бар бұл шаралардың алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенемін. Азғана уақыттың ішінде өнердің 3 түрлі саласын қатар меңгерген балаларымыз үшін ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Нұргүл Садықова есімді ата-ана.

Шығармашылық кеш мектеп хореографтарының көмегімен дайындалған түрлі би флешмобтарымен әрленіп отырды. Кеш соңы мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың ыстық ықыласқа толы алғыстарымен қорытындыланды.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ-нің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *