Тәлімі зор ұстаз

Адам өмірінің кеңістік пен уақыттағы болмысы санқилы екендігі баршаға мәлім. Қай кезде, қай жерде жүрсе де өзімен-өзі бола білуді, өзіндік адамгершілік ұстанымын кір шалдырмай, дақ түсірмей дәріптеп, қайнаған өмірдің алуан қилы тұстарында салқынқандылық танытып, парасат таразысынан меңзеп, ар-намысын көздің қарашығындай сақтап, өмір салтын осылайша құруды үлкен өнер десе де болғандай.
 
Осындай талабы мен талғамы күрделі өмір жолыңыз сөзсіз бір иегері деп, салиқалы азамат, ақыл-ойы мен іс-әрекеті бір тағы әрі ғалым, әрі ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы энергетика және байланыс университетінің Қазақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының профессоры Дәкенов Мұқсын Дәкенұлын айтуға әбден болады.
Ол 1948 ж. (15 желтоқсанда) Балқаш қаласында дүниеге келіп, 1966 ж. Ақтоғай селосында орта мектепті бітірген соң еңбек жолын механизатор болып бастайды. Үш жыл әскери борышын өтеген соң ғана барып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсіп, 1974 ж. оны қызыл дипломмен тамадайды. 1977-1986 жж. Арқалық қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық институтта қатардағы оқытушыдан бастап, кафедра меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасып, институттың партия ұйымын басқарды, облыстық партия комитеті жанындағы кешкі марксизм-ленинизм университетінің кафедра меңгерушісі қызметін қоса атқарады. 1980-1983 жж. М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің аспирантурасында оқып, 1984 жылы диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне қол жеткізеді. 1986-1988 жж. Қазақ КСР Білім беру министрлігінің қоғамдық ғылымдарды оқыту Бас басқармасының бас маманы, 1988 жылдан бастап 2013 жылы дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының доценті, профессоры (2007ж.) болып қызмет істеді. 2013 жылдан бастап бүгінге дейін – Алматы энергетика және байланыс университетінің Қазақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының профессоры (2015ж.).
Қырық жылдан астам уақыт оқу-білім мен ғылым жолында үзбей қызмет жасап, әдіснамалық ізденістер жүргізіп, тәжірибе жинақтаған Мұқсын Дәкенұлы мектеп оқушылары мен студенттерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жариялап, ұзын саны 100-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы болып табылады. Солардың ішінде «Тарихтың тағлым айдыны» (2009), «Х.М. Әділгереев – тұңғыш қазақ тарихшы ғалымы» (2017) атты монографияларын ерекше атап өтуге тиіспіз.
Қандай қызмет атқарса да Мұқсын Дәкенұлы өз жұмысына өте ұқыпты, асқан жауапкершілік танытып, оқушыларға терең білім беруге шын ықыласымен кірісіп, бар күш-жігерін аямай жұмсайды. Оның басты кредосы жастарды отан тарихынан терең білім бере отырып, қазақи дүниетанымның ішкі сырларына қанық болуға, халқымыздың озық салт-дәстүрлерін игеруге, сөйтіп шынайы патриоттық сезім дересінде тәрбиелеуге ұмтылдыруда жатыр. Оның тарихшы ретіндегі бір артықшылығы әлеуметтік-гуманитарлық білімдердің тұтас жүйесін меңгеріп, тарихтың философиямен, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану сияқты салаларымен өзара байланысында зерделей алатын қабілетінде жатыр. Осының салдарынан ол студент жастарды теориялық ойлаудың желісін тап басуға, қандай да мәселенің ақиқатына көз жеткізуге машықтандырады. Ал бұл өз кезегінде қазіргі жаһандану заманының талабына сай нақтылы және жан-жақты ойлауға, қайшылықтар мен қиыншылықтарды шеше білуге жетелейді…
Сұңғақ бойлы, бет-жүзінен жылулық пен адами ізеттіліктің нұры сәулеленген жетпіске енді толған бұл ұстаздың өмірден түйгені көп, жастарға айтары да, берер тағлымы да жеткілікті. Ешқашанда асып-саспай, асығып-аптықпай, артық қимыл жасамай, бос сөз айтпай, нық басып, әділдік
пен ақиқатқа қана жүгінетін Мұқаң өз ісінің асқан шебері екені анық. Осының бір айғағы оған ҚР «Білім беру үздігі» атағының берілуі болса, студенттердің оған деген ризашылығы мен сүйіспеншілігі бәрінен де асқан соның анық дәлелі бола алады. Мұқаң өз әріптестері арасында да силы, шынайы сый-құрметке ие. Жасай беріңіз, жасыңызға жас қосыла берсін, бала-шағаңыздың қызығына тоймай, шығармашылық табыстарға жете беруіңізге тілектеспіз!

Мұрат Сәбитұлы,

Бақдаулет Берлібаев,

Қазақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының профессорлары АЭжБУ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *