Елбасы мақаласы тарихты оқытуда жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазір Қазақстан қоғамдық жаңғыруды бастан кешіріп жатыр. Осы тұрғыда Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы өзекті. Мұнда тарихи сананы жаңғырту мақсатында отан тарихына қатысты түйінді мәселелердің шешімі көрсетілген.

Данияр Кемешов,  Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
Данияр Кемешов, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Егер осы мәселелер шешімін тапса, тарихымызды оқыту, насихаттау жаңа деңгейге көтерілетіндігі сөзсіз. Мен соның ішінде «Архив – 2025» жобасы мен мұражайға қатысты айтылған ойларға тоқталғымыз келеді. «Архив – 2025» жобасы «Мәдени мұра», «Тарих  толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы болуы тиіс. Осы бағдарлама аясында табылған мемлекеттік маңызы бар тарихи құжаттар, деректер мен жәдігерлер ғылыми айналымға енгізілсе, отандық тарихымыздың мерейі үстем болады. XXI ғасырда  оқушылар үшін барлық ақпарат қолжетімді. Кез-келген оқушы өзіне керек болса ғаламтордан немесе кітаптан керекті ақпаратты іздеп таба алады.
Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Бірақ, кітаптағы немесе ғаламтордағы бар ақпаратты жаттап, айтып бере салу жеткіліксіз. Оқушылар өз ойын дұрыс талдап жеткізе білу керек. Ал, тарих сабағында тек оқулық немесе ғаламтор материалдарымен шектелмей, оқулық шеңберінен шығып, тарихи деректермен жұмыс жасау маңызды. Тарихи деректермен жұмыс жасау оқушылардың тарихи танымын кеңейтеді. Өйткені, дұрыс берілген сапалы ресурс сабақтың да сапалы өтуіне әсер етеді. Бірақ, кез-келген тарихи дерек сенімді бола бермейді.  Тарихи деректің сенімділігін, құндылығын бағалауды үйрету арқылы оқушылардың тарихи ойлау дағдыларын дамытуға болады. Тарихи ойлау дағдылары дегеніміз – ол дәлел келтіру, оқиғаның себептері мен салдарын анықтау, ұқсастықтары мен айырмашылығын табу, өзгеріс пен сабақтастығын анықтау, маңыздылығын білу және ақпаратты интерпретациялау болып табылады. Мысалы, Әл-Фараби, Керей мен Жәнібек, Кенесары, Абай  сияқты ұлы  тұлғалардың ел тарихында алатын орны ерекше. Есік қорғанынан табылған Алтын адам, түркі жазба ескерткіштері  сияқты жәдігерлеріміз ел тарихы жайында басқаша ойлайтын скептиктердің көзқарасын өзгертіп, Ұлы Дала елінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетті. Елбасы өз сөзінде  қазақ тарихы үнемі жаугершілік соғыс, ұлтқа зардап әкелген қайғылы оқиғалардан ғана тұрмайтындығын айтты. Қазақ тарихы болашаққа үлгі боларлық оқиғалардың сабақтастығынан тұрады.
Осы арқылы оқушылар тарихи оқиға мен тұлғалардың қызметін тарихи ойлау дағдылары арқылы түсіну керек. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің ойынша сөзінде тарих сабақтары мұражайда өту керек. Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқу жоспарына сәйкес, сабақты мұражайда өткізу сияқты игі дәстүр қалыптасып келе жатыр. Мәселен, 8 – сынып оқушылары Абай мұражайына зерттеушілік мақсатта экскурсияға барды. Мұнда Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы тарихи деректерді көзбен көріп, қолмен ұстап көруіне мүмкіндіктер туғызды. Мұражайға бару оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарды сақтауға әсерін тигізеді.
Қорыта келе, Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтын сүю –білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі бар.  Сондықтан, әр оқушы болашақта қандай мамандық иесі болмасын өз елінің тарихын білу және құрметтеу парыз.

Данияр Кемешов,

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *